Қазақ педагогикасы 19 ғасыр аяғында ағартушылық бағытта дамып, 20 ғасырда ғылыми негізге көше бастады. Осы кезеңде ғылым кеңістігінде ерлер қауымы басым еді. Ал қыз-келіншектердің араласуы қиындау: олардың білім алудағы құқығы шектелді, қоғамдағы дәстүрге байланысты принциптер және тұрмыстық деңгейдегі кедергілерге тап болатын еді. Біз осы стреотипті бұзып қана қоймай, білім беру саласында жетістікке жеткен 5 әйгілі әйел педагогтің қызметі туралы дерек жинадық. Таныс болыңыздар!
Алғашқы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізін қалаған педагог – Назипа Құлжанова
Оның педагогика саласында «Мектептен бұрынғы тәрбие»(1923), «Ана мен бала тәрбиесі» (1927) атты әдістемелік еңбектері бар. Назипа Сағызбайқызы Семейдегі мұғалімдер семинариясында қызмет істеді. 1914 жылдан бастап Абай Құнанбайұлы шығармашылығына арнап әдеби кештер ұйымдастырып тұрған. Атақты педагогқа Сұлтанмахмұт Торайғыров «Таныстыру» поэмасын арнаса, Жүсіпбек Аймауытов былай деп пікір білдіреді: «Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуы тиіс».
21 жасында мектеп директоры атанған — Балжан Бөлтірікова
Еңбек жолын оқу меңгерушісі қызметінен бастаған ұстаз ұзамай Алматыдағы №12 мектептің жас директоры атанады. Соғыс жылдары мектептің шаруашылық қиыншылықтарын реттеп, балалардың оқудан қол үзбеуіне жағдай жасаған. Балжан Бөлтірікқызы 1971 жылы Оқу-ағарту министрі болып тағайындалады. Жаңа министр бастауыш және сегіз жылдық мектептердің біразын толық орта мектепке айналдырып, көп жерде мектеп-интернаттар ашты. 1980 жылға дейін Қазақстандағы орта білім беруді жақсартып, кәсіптік мектептерді дамытты.
Мектептегі қызметі мен ғылымды қатар ұстаған ұстаз – Рафиқа Нұртазина
Өзінің «Занимательная грамматика»(1973), «Книга для чтения для 5 класса казахской школы»(1974), «Сабақ жалғасы»(1996), «Мирастың кітабы»(1998) сияқты педагогикалық еңбектерін ана тілінің ерекшеліктерін ескере отырып жазған. Кітаптарда жұмбақ түрінде жасалған дидактикалық ойындар, шаралар, сөзжұмбақтар, ребустар, т.б. табылады. Рафиқа Бекенқызы басшылық еткен Алматыдағы №12 қазақ орта мектебі 1984 жылы республикадағы ең үздік мектеп ретінде танылды.
Әдебиетті оқыту әдістемесін жетілдірген — Қанипа Бітібаева
Еліміздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандары қолданатын 15 монографиялық еңбек пен «Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары», «М. Әуезов шығармашылығын оқыту», «Абай шығармашылығын мектепте оқыту», «Абай және Әуезов үндестігін оқыту», «Абайды таныту», «М. Әуезов мектепте», «Әуезовті оқыту әдістемесі» еңбектері сөзімізге дәлел бола алады. Ұстаздың «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы оқушының өздігінен білім алуына дем беріп, ішкі мүмкіндіктерін тануға жетелейді.
Қазақ ұлттық мектебінің өзіндік моделін жасаған — Алма Қыраубаева
Алма Мүтәліпқызы Алматы облысы, Ораз Жандосов ауылында 1993 жылы жекеменшік қазақ гуманитарлық мәдениет лицейін ашты. Лицей мемлекеттік стандартты ұстана отырып, оқу-тәрбие жұмысын ұлттық дәстүр бағытында жүргізді. Мәселен, оқушыларға «Тілашар», «Елтану», «Әлемтану», «Әдеп» бағдарламалары оқытылды. Одан бөлек ұстаз-ғалым қазақ мектептеріне арналған тұңғыш «Ежелгі әдебиет» оқулығының (1996), жоғары оқу орындарына арналған «Ежелгі дәуір әдебиеті» хрестоматиясының (1991) авторы.
Бұл тізім осымен шектеліп қалмасы анық. Қазақ педагогикасына еңбегі сіңген әйел ұстаздар қатарына сіз кімді қосар едіңіз?