Образование
#Статьи
04 ноября 2023

Мағжан Жұмабаев ХХ ғасыр ата-аналарына қандай кеңестер берген?

Мағжан Жұмабаев көпшілікке ақын, публицист ретінде жақсы таныс. Десе де оның қазақ педагогикасына қосқан үлесі де орасан. Ақынның «Педагогика» кітабы заманауи мұғалімдердің Must-Read тізімінен ойып тұрып орын алған. USTAZ PRO білім беру орталығының тренері Аманкеш Алина бұл кітаптың тек мұғалімдерге емес, ата-аналарға арналғанын айтады. Материалда Аманкеш жазушының ата-аналарға пайдалы болар 10 кеңесін бөліседі.
Мен география пәнінің мұғалімімін. Жоғары оқу орнын аяқтаған бойда мектепке жүмысқа тұрып, әлі күнге дейін білім саласында еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда USTAZ PRO білім беру орталығында тренер, әдіскермін.

Педагогикалық жолымның басында Мағжан Жұмабаевтың “Педагогикасы” туралы жиі еститінмін. Әріптестерім “бұл еңбекті әр мұғалім міндетті түрде оқуы керек” деп айтатын. Алайда кітаппен осы жазда ғана танысуға мүмкіндігім болды. Кітап мені бірден баурап алды, сондықтан ол туралы мейлінше көп адам білгенін қаладым. Бұл кітап 1922 жылы жазылса да, өзектігін әлі де жоғалтпады деп ойлаймын. Егер сол уақыттан бері бұл кітапты әр ата-ана оқыған болса, қазір бала денсаулығына қатысты мәселелер азаяр ма еді?!

Кітап не туралы? Мағжан Жұмабаевтың бұл еңбегінде бала тәрбиесі, оның ішінде дене және жан тәрбиесі толық қамтылған. Жазушы жаңа туған баладан ересек балаға дейін қанша уақыт ұйықтауы керек, қанша рет және қандай мөлшерде тамақтануы қажет екенін жазған. Сонымен қатар бала тәрбиесіне қатысты кейбір әрекеттердің дұрыс-бұрыстығына тоқталған. Автор бұл кітапты тек мұғалімдер емес, ата-аналар да оқысын деп жазғаны сөзсіз. Неге десеңіз, бұрынғы қазақ қоғамында жаңа туған баланың шетінеп кетуі, небір инфекцияларды жұқтырып қайтыс болуы жиі кездескен. Сірә, бұл кеңестерді жазушы қазақ ата-аналарына арнап, жаңа туған баланың күтімі бойынша анықтама ретінде жазса керек. Бұл әмбебап кеңестер біздің заманда да өзекті, сондықтан оқырмандарға кітаптан алған 10 кеңесті бөліспекпін.

Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабынан ата – аналарға 10 кеңес:

  • 1
    Баланың салмағы мен бойын өлшеу.
    Мағжан Жұмабаев жаңа туған баланың бойы мен салмағын өлшеудің маңызына тоқталады. Баланың салмақ нормасы бойынша мөлшерлерді жаза келе, автор ата-аналарға баланың салмағын қанша рет өлшеп отырған жөн екеніне де тоқталады:

    «Бала сау болып туды ма, ауру болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, жоқ ауруға айналды ма – осыларды дұрыс біліп отыру үшін мөлшер бойынша баланы өлшеп отыру керек. Бастапқы айда (баланы) күн сайын, мұнан соң жыл толғанша жетіде (аптасына) екі-үш рет, екінші жылда жетіде (аптасына) бір, үшінші жылда айында бір өлшеп отыру мақұл».
  • 2
    Баланың дене жылуын өлшеу.
    Мағжан бала температурасының нормасы жайлы айта келе, оны қалай және қанша рет өлшеу керегі жайлы баяндайды:


    «Баланың да, жетілген адамның да жылылығы бір тәулік ішінде бір қалыпта тұрмайды. Біресе өлшеуден (нормадан) асып кетеді, біресе төмен түседі. Жылылықтың төмендейтін уақыты – таңертең. Жоғарылайтын кезі – кеш. Дене жылылығы «термометр» деген құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күнде өлшеп тұру керек. Жылылық белгілі өлшемде тұрса, баланың сау болғаны, не жоғарылап, не төмендеп кеткен болса, баланың ауру болғаны».

    Жазушы баланың дене жылуын күнделікті өлшеп отырса, аурудың алдын алуға боларын айтады.
  • 3
    Баланың демін есептеу.
    Жаңа туған бала бір минутта 44-40 рет дем алады дейді жазушы. «Мұнан соң бірінші жыл бойынша 40-35 рет, екінші жылда 28, үшінші жылында 25 рет, сөйтіп кеми-кеми, 15 жаста бір минутта 15-20 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден кем немесе артық болуы баланың науқас екенін көрсетуі мүмкін».

    Мағжан баланың демін ояу кезінде санау қиын екенін айтады: «Ойнап, қозғалып отырғанда дем алуды мөлшерден арттырып жібереді. Дұрысы, ұйықтап жатқанда санау».
  • 4
    Бала бөлмесінің ауасы, жылылығы мен жарығы.
    Жазушы бала бөлмесінің ауасы жиі-жиі жаңартылып тұруы керегін ескертеді: «Бала жатқан үйде кір жуу, кір кептіру, кірлеген киім тастау жарамайды. Себебі, кірдің суы бу болып, ауа болып баланың ішіне кіріп, саулығына зиян келтіреді».


    Мағжан ата-аналарға бала жатқан бөлменің жылылығы мен жарығына да көңіл бөлген жөн екенін айтады. «Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады. Тамағы қанша жақсы болса да, нашар болып өседі. Сондықтан бала жатқан бөлменің жарығы мол болуы керек. Бөлменің жарығы мол болу үшін терезелері оңтүстік күн шығысқа, не оңтүстік күн батысқа қарауы шарт».
  • 5
    Баланың тамағы.
    «Баланың жақсы өсуі үшін оның тамағы жақсы болуға тиіс» дейді автор. Тамақ баланың өсуіне қарай өзгеріп отыруы керек:


    «Бастапқы кезде балаға ең дұрыс тамақ – ананың сүті. Сүттің ішінде денеге керек заттың бәрі бар. Ана сүті бала өскен сайын өзгеріп отырады. Ана бір себептерден баласын емізе алмайтын болса, әрине қолдан асырауға тура келеді».

    Жазушы баланы ананың өзі емізгеннен абзалы жоғын айтады. Сол кездегі статистика бойынша, бір жылда ана сүтін емген жүз баланың 15-20-сы көз жұмса, қолдан тамақтандырған жүз баланың 65-і қайтыс болған.
  • 6
    Қолдан тамақтандыру.
    Мағжанның жазуынша, баланы қолдан тамақтаныру қажет болса, ең дұрысы – ешкі сүті. Ешкі сүті табылмаса, сиыр сүті. «Бірақ сиыр сүтінде ақуыз бен май көп, қант аз. Сондықтан сиыр сүтін сұйылтып, тәттілеу керек. Жаңа туған балаға берілетін сиыр сүтіне үш есе су қосу керек. Бір ішкізгеннен қалған сүтті екінші рет беруге болмайды. Балаға беретін сүттің жылылығы адам денесінің жылылығындай болуы керек».

    Ата-аналарға қарата айтылған тағы бір кеңес: «Балаға берілетін сүт сау сиырдың жаңа сауылған сүті болсын. Әр сиырдың сүтін бергеннен бір ғана сиырдың сүтін берген дұрыс. Сүт ыдысы таза болуы керек және берілетін сүтті қайнату керек».
  • 7
    Тамақтандыру тәртібі.
    Жазушы баланы ананың өзі емізсе, белгілі бір тәртіппен тамақтандыруы керегін айтып, емізу тәртібіне де тоқталады.

    «Балаға тамақты тәртіппен беру оның дұрыс өсуіне, ауру болмауына, мінезінің дұрыс қалыптасуына да әсер етеді. Балаға тамақ тәртіпсіз, ретсіз, былапыт берілсе, бала ауру болады. Асқазаны бұзылады, ішкен-жеген тамағын сіңіре алмайды».

  • 8
    Бала киімі.
    Мағжанның жазуынша, баланың дұрыс өсуіне киім де әсер етеді: «Баланы желге, күнге тигізбеймін деп орап, өбектеп өсірудің қажеті жоқ. Бұлай өскен бала аурымпаз болады. Шынықтырамын, денесін берік қыламын деп жалаңаш-жалпы ұстау да жарамайды. Шынықтырамын деп жүріп, ауруға шалдықтырып, жазатайым өлтіріп алуға да болады. Киім дененің жылылығын сыртқа, сырттың суығын денеге жібермейтіндей болуы керек. Сондықтан бала киімін жұмсақ, жеңіл матадан тігу қажет».


    Автор бала киімін үлкендердің киімімен бірге жууға болмайтынын айтады. Үлкен кісі киімінен бала киіміне бір нәрсе жұғуы мүмкін. «Баланың киімі қолпылдаған кең, денені қысып тұрғандай тар да болмасын, шақ болсын. Балаға биік өкшелі етік кигізіп, белін белбеумен қысып тастауға болмайды. Жалпы айтқанда, бала киімді әдемі болсын деп емес, ыңғайлы болсын кигізген жөн».
  • 9
    Бала ұйқысы.
    «Баланың ұйқысы тыныш болу үшін көзді шағылыстырар жарығы жоқ, құлақты жарар айғайы жоқ тыныш жерге жатқызу керек ұйықтату керек» дейді автор. Баланың ұйқысына ұйықтау тәртібі де әсер етеді. Баланың түнде ұйқысыз ұзақ отырғаны дұрыс емес. Тамақ берісімен ұйықтатқан да жөнге келмейді: ұйқысы мазасыз болады әрі денсаулыққа да зиян.

    «Тамаққа тоя сала ұйықтату – біздің жалпы зиянды әдетіміз. Ұйқы – дене мүшесінің бәрі демалатын, тыншығатын шағы, осы уақытта асқазанға сен тынықпа, мынау жеп-ішкеніңнің бәрін қайнатып, денеге сіңір деу тіпті жөнге келмейтін бір зорлық емес пе? Ол сорлы қайтсін, бұл қызметті атқара алмайды. Міне, осындайдан асқазан бұзылып, адамда неше түрлі аурулар пайда болады».
  • 10
    Баланы серуендету.
    Жазушы ылғи үйде, нашар ауада отырған баланың құп-қу, нашар, меңіреу болатынын айтады. Сондықтан баланы күн сайын таза ауаға серуенге шығарып тұру керек. «Киіз үй ашық ауамен бірдей. Киіз үйдегі баланы шығарсаң да бір, шығармасаң да бір. Ал еңді қазақтың «қысқы үй» деп аталған үңгіріндегі баланы әлсін-әлсін серуенге шығарып тұрған дұрыс. Себебі үйдің ауасы бұзылып отырады».
Договор оферты
Политика конфедициальности
info@ustaz.pro
Астана, Рақымжан Қошқарбаев, 11/2